«О дүниенің қонағы»

Пятница, 14 Июль 2017 07:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9147 раз

(әдеби эссе)

Жазушы – өзі өмір сүрген кезеңнің тамыршысы дейді. Ақиқат. Дей тұрғанмен, қоғамның күретамыр мәселесін тамырынан басқан жазушы көп емес. Солардың бірі – Талаптан Ахметжан еді.

o-dunienin-konagy-55

Ол оқырман қауымға 1998, 2007 жылдары жарық көрген «Сұлу мен суретші», «Мұң» атты жинақтарымен таныс жазушы қазақ қаламгерлерінің ортаңғы буын өкілдерінің ішінде өмірден тым ерте кеткен дарын иесі еді. Т. Ахметжан шығармаларының негізгі тақырыбы – ізгілік, адамгершілік болды. Қайсы бір әңгімесін алмайық оның өзіндік қолтаңбасын аңғару қиын емес. Жазушының барлық әңгімелерінің негізгі өзегі – ар ілімі болатын. Өзінің де ар-ожданы таза жазушының шығармалары жайлы сыншыл көзқараспен шыншыл пікір айту үшін де Т.Ахметжан көтерілген парасат биігіне шығу қажет.
Т.Ахметжанның «Шәрбат», «Тұма», «Тергеу», «Төрт қанден», «Күнәһар», «Айқасқа» сияқты әңгімелері де өзіндік айтары бар шебер туындылар. Олардан бөлек көпшілік оқырмандарын елең еткізген әңгімелерінің бірі – «О дүниенің қонағы». Әңгіме тақырыбының өзі тосындау. Әңгімеге бүгінгі күннің шындығы арқау болған. Кеңес өкіметі ыдырап, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қоғамда әр түрлі жағдайлар орын алып жатты. Ал қоғам мүлкін жекенің қолына беру біраз пысықайлардың бағын ашты. Олар әке-жәкесін, қолында билігі бар таныстарын жағалап жүріп өкіметтен біраз дүниені өз меншігіне қаратып үлгерді. Соның арқасында олар байып шыға келді.
Әңгіме кейіпкері Қияқ – жекеменшік бір фирманың иесі. Қаладағы ең ірі базарды өз жеке меншігіне алған туған ағасы Мияттың арқасында жалғанды жалпағынан басқан қалталы жігіттердің қатарына енді де кетті. Туындыдан үзінде келтірсек: «Ағасының арқасында сауда дегеннің не екенін көріп, білді. Ақша, алдау-арбау, қулық-сұмдық, сауық-сайран, думан-той, қыз, қызық дегендердің дәмін татты. Мият отырған кезде мұның жолын кім кессін, қолын қай жүрек жұтқан қағар дейсің?! Артында мықты қорған тұрғанына көзі жеткен соң неден ықсын? Неге еркінсімесін?»
Қазақ қоғамында бізге дейін де, жалпы қай қоғамда да бай-бағландардың болғандығы белгілі. Тәуелсіздік бізге байлардың екінші, басқаша типін алып келді. Әрине, оның алғашқысы белгілі атаның текті ұрпағы болса, екіншісі жоғарыда сөз болып отырған жолдан қосылған, белгілі бір уақытта, белгілі бір адамдардың назарына ілініп, байып шыға келгендер. Тіршіліктің ойран ботқасын шығаратындар да осы, соңғы топтағы орта жолдан байығандар екен.
Автор кейіпкерінің тоғышар бейнесін: «Ақша – қолдың кірі» деген кісі қатты қателеседі, ақша қолдың кірі емес, ақша тамыр қуалай бүлкілдеп ағатын ыстық қан. Ол үнемі айналып тұрмаса еселеніп өспейді. Өзіңше кейде сараңдығың ұстап, алақаныңды ашқың келмей қысып отырып алсаң, қан жүретін тамырларың біртіндеп тартыла бастағанын сезесің. Шығын шықпаған жерге кіріс кірмейді. Және де оны қызғыштай қоритындай қай атасынан қалған байлығы еді?» деп оның нарық заңына бейімделген психологиясын одан сайын аша түседі.
Әңгіме сюжеті су жаңа джипімен Шымкентке жол тартқан Қияқтың ызғытып келе жатып, жолда қол көтерген ақ киімді әйелді қағып кетуімен басталады. Алайда жазушы оның мына өмірде кім болғанын, өз мақсатына жету жолында кез келген арам, аяр әрекеттерге бара алатынын шегіністер жасай отырып баяндайды. Шығарманы оқи отырып, оқиға сюжетіне бүгінгі өмірде болып жатқан шындықтың арқау болғанына толықтай көзің жетеді.
Т. Ахметжанның бұл туындысынан басқа «Сұлу мен суретші», «Нобель сыйлығы» повестерінде де бүгінгі нарық заңына бағынған қоғамның рухани, адамгершілік мәселелерін қозғады
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қазақ прозасы көркемдік ізденістердің сан алуандығымен ерекшеленеді. Жаратылыстың мәңгілігі мен шексіздігі, қоғам мен жеке тұлға, кеңістік пен уақыт мәселелері ұлғайып, ұлттық прозамыздың көркемдік тініне жымдаса өрілді. Көркем проза контекстінде бинарлық оппозицияларға құрылған «мәңгілік» тақырыптар (өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық) алдыңғы қатарға шықты.
Қорыта келгенде қоғамда орын алған келеңсіздіктер, жеке адам болмысындағы дүниеқоңыздық пен қанағатсыздықтың түп-төркіні имансыздықта деп білген жазушы әнгімелерінің барлығында дерлік адамгершілік мәселесін көтерді. Осы тұрғыдан алғанда «О дүниенің қонағы» әңгімесіндегі жол апатына түсіп о дүниеге барып келген Қияқ бейнесі оқырманға біраз ой салады. Өмір жайында философиялық ой түйген жазушы нарық заманындағы ақшалы азаматтардың мұңсыз өмірінен сыр шерте отырып имандылық мәселесін алға тартады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.