«Алтын қазық» – туған жерге қамқорлық

Пятница, 26 Май 2017 05:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5685 раз

«Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Алтын қазық» марапаты биыл 3 адамға тапсырылды. Олар – Светлана Назарбаева («Дәуір» баспасының директоры), Сайлаугүл Барақова (Экс-сенатор, «Білім саласының үздігі) және Рәшкүл Оспанәлиева (кәсіпкер, меценат). Үшеуі де, ел дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.

altyn qazyq

Төраға Байдулла Қонысбек алдымен қор мен оның атқаратын қызметіне тоқталды. 

– «Киелі Қазығұрт» – елді ынтымақ-бірлікке, достыққа шақыратын қордың бірі. Өйткені, «Киелі Қазығұрт» деген атауыдың өзі үлкен жауапкершілік пен ауқымды міндеттер жүктейді. Құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Сол жылдардың ішінде алға қойған мақсаты – Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанын, сөйтіп, бүткіл адамзаттың тіршілігі осы жерден өсіп-өніп, тараған деген ақиқаты басым аңызды бүкіл әлемге насихаттау. Қолымыздан келгенше соны насихаттап келеміз. Бұл туралы бірнеше деректі фильм, мультфилм түсірдік, кітаптар шығардық. Жалпы бұл мәселеге келгенде біздің мақсатымыз даңғыл, – деді Байдулла Қонысбек. 

Осыған дейін «Алтын қазық» сыйлығы 28 адамға тапсырылған екен. Олардың ішінде елімізге белгілі, Отан үшін аянбай тер төккен тұлғалар баршылық. Мәселен, бұл құрметке Асқар Мырзахметов, Бекет Тұрғараев сынды атпал азаматтардың аты аталады. 

IMG 4353

Алқалы басқосуда жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласындағы мәселелер осы қоғамдық қордың жұмысымен ұштасып жатқанын айтты. 

– Елбасының мақаласында «Туған жер» бағдарламасы туралы керемет айтылған. «Қазақстанның қасиетті орындарын көркейту үшін жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар не істеу керек?» деген мәселені нақты көрсетіп берген. Сол «Туған жер» жобасының аясында «Киелі Қазығұрт» қоры да үлкен жұмыстар атқарып келеді. «Алтын қазық» белгісі киелі жерлерді насихаттау үшін түрлі саладағы қоғам және мемлекет қайраткерлеріне беріліп келе жатыр, – деді өз сөзінде М.Байғұт. 

«Алтын қазық» иегерлері де сөз сөйлеп, қор төрағасы мен мүшелеріне өз алғыстарын білдірді.

Последнее изменение Понедельник, 29 Май 2017 03:59
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.