Айнабек ОСПАНОВ, ОҚО «Бейнелеу өнері музейінің» директоры, суретші
Шығармалары шындықпен үндескен суреткер. Көпшілік ОҚО Бейнелеу өнері музейі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар тұлға Айнабек Оспановты осылай таниды. Айнабек әлемі – әдемі әлем, себебі ол тіршілікті, қоршаған ортаны сүйеді. Жан-тәнімен жақсы көре отырып, бүткіл болмысымен бұл дүниедегі келеңсіздікті картиналарына арқау етеді. Рухани жұтаңдық, қоршаған орта мәселелері, ұлттық тамырдан айырылу, туған жерден қол үзу, мұндай келеңсіздіктерден шығу жолдары толғантады. Тұрмыстық гармонияның бұзылуына қарсылық, оны жаңғыртуға ұмтылыс оның өнерінде ең негізгі мазмұнға айналған. Айнабек Мыңжасарұлы былтыр 60 жылдық мерейтойын тойлады. 60 жылдығында өзі басшылық ететін музейге 60 кітап сыйлады. Мерейтойына арналған альбомы жарық көрді. Онда соңғы он жылда жасаған шығармаларының бір бөлігі енген.
«Бейнелеу өнері музейінің» негізін қалап, жаңадан ашылған мекеменің негізгі қорын жасақтаған суретшінің оқырмандарға айтары көп. Ендеше, Қазақстан Суретшілер Одағының Оңтүстіктегі ұйымын 20 жыл басқарған, Қазақстан Көркем академиясының академигі, талантты суретші Айнабек Оспановпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Айнабек Мыңжасарұлы, біздің өңіріміз музейі көп облыс болып есептеледі. Санда бар болғанымызбен, сапа мәселесі қалай болып жатыр? Халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсетуде ме?
– 3 млн-ға жуық халқы бар біздің облыста кешегі күнге дейін музей мәселесі шешілмей келді. Біз музейі көп облыс болғанмен, олардың көпшілігі Тарихи-өлкетану, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейлері, көбіне идеологияға қызмет ететін нысандар. Жалпы тұтас өнердің музейіне айналған орда жоқ. Өзім басқаратын Бейнелеу өнері музейіне келсем, бұл музей облыстың экс-әкімдерінің бірі Асқар Мырзахметовтың тұсында салынды. Елбасының «Саябақтың ішіндегі нысандарды өкіметке қайтару» туралы жарияланған мораторийінен кейін, яғни, 2009 жылы осы жерде Көркемсурет галереясы ашылды. 646 шаршы метр экспозициялық залы бар, бір ғана бөлмеден тұратын еді. Ашылғаннан бері 2 рет республикалық симпозиум өткіздік. 3-4 рет көрме байқауын өткіздік. Негізгі жиынтық қорымызды 700-ге жеткіздік. Тағы үш көрермен залын салдық. Жалпы музей төрт залдан тұрады. Сөйтіп, 1,5 мың шаршы метрдей құрылыс салынды. Ешбір облыс орталығында мұндай экспозициялық залы бар музей жоқ. Кіреберістегі шыны залында шеберлік сағаттарын, көрнекті фотокөрмелер өткіземіз.
– Музей өз шығынын ақтай ма? Жалпы билеттің бағасы қаншадан?
– Студенттер мен зейнеткерлерге – 100 теңге, толық билеттің құны – 200 теңге тұрады. Жылына шамамен 1 млн 200 мың теңгеге билет сатамыз. Негізі билеттің бағасы 1000 теңгеге жақын болуы керек. Шетелде мұндай музейлердің бағасы 2000 теңгеге дейін барады. Ал бізде көріп отырғаныңыздай, билет бағасы – тым арзан. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің мәдениет саласына көрсеткен үлкен қамқорлығы.
– Біздің өңірде қанша суретші бар? Олардың туындылары тек өздерінің шеберханаларынан шыға алмай қалып жатқан жоқ па?
– Оңтүстікте Қазақстан Суретшілер одағының 100-ге тарта мүшесі тұрады. Оның он шақтысы өмірден озды. 15-тен аса «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталғандар мен екі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған суретші бар. Иә, сіз, үлкен әлеуметтік мәселені көтеріп отырсыз. СССР кезеңінен келе жатқан суретшілердің ойлау санасы өткен дәуірде қалып кеткендей. Олар әлі де барлық жағдайды Үкімет жасап берсе деп ойлайды. Шеберханамды жөндетіп берсе, материалдық көмек көрсетсе деп қол жайып, күтіп отырады. Қазір нарық заманы емес пе?! Әркім қал-қадерінше өзі еңбек етуі керек. Дәл қазір суретшінің бағы ашылатын, өзін-өзі көрсететін заман. Сондықтан биіктік белесінен көріну де, керісінше талант көгінен құлдилау да – суретшінің өз қолында.
– Шыныңызды айтыңызшы, музейге келушілердің қызығушылығы қандай?
– Біз коммерциялық көрмелерді көп ұйымдастыратындықтан, қарапайым халық Көркемсурет галереясын жақсы білетін дәрежеге жетті. Себебі, біз
Үндістанның қолөнер бұйымдары көрмесін екі-үш рет өткіздік. Шетелден қонақтар көп келеді. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, жергілікті тұрғындардың музейге деген махаббаты әлі де жоғары деңгейде емес. Бізде 10-15 минутта, ары кетсе 1 сағатта селфи жасап суретке түседі де, кетіп қалады. Негізі көрмені тамашалауға бір күн де жетпей қалады кейде. Ал шетелдіктер ауыздары ашылып, көрмені тамашалаймыз деп жүргенде, қалай кештің батқанын білмей қалады.
– Бүгінде Бейнелеу өнері музейін «мұңсыз» деп айта алмаймыз ғой.
Музейге не жетіспейді?
– Бір көрмені жасау үшін кем дегенде 60-100 мың теңгенің арасында қаржы кетеді. Музейді таңертең ашып, кешкі сағат 18.00-19.00-де жабады дегенге сенбеңіздер. Біздің қызметкерлердің жұмысы қарбалас. Яғни, музей – қоғамдық ғылыми-зерттеу институты. Ғылыми бөлім мен қор бөлімі әр картинамен мұқият жұмыс істейді. Одан кейін қазіргідей қағазға көміліп қалған заманда азаннан кешке дейін қағаз толтырады. Ақпараттық-экскурсиялық бөлім де бар. Жас мекеме болғандықтан, бізде экспозиция бөлімі жоқ, соның қызметін де қосып атқарады. Келген адамдарды күтіп алады, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Көру алаңындағы әртістеріміз іспетті. Олардың да саны тым аз. Арнайы салынбағаннан кейін, бөлімдер отыратын арнайы бөлмелер де жеткіліксіз. Айта берсек, мәселе көп. Ілгерілеушілік те жоқ емес. Осы уақытқа дейін жеке көліктерімізбен жүрдік. Биылдан бастап қызметтік көлік берді. Біртіндеп базамыз толығып келеді.
– Сізге шабыт қай уақытта келеді?
– Мен өмір бойы еркін суретші болған адам емеспін. Жұмыс пен суретті, шығармашылықты үйлестірген жанмын. Қазақстандағы суретшіге берілетін барлық атақ-дәрежені иеленген Ә.Қастеев атамыз іспетті бақытты жандардың бірімін. 30 жылға жуық басшы боп қызмет істесем де, қылқаламым қолымнан түскен емес. Түскі үзіліс кезінде шамалап дайындап аламын. Сағат 15.00-ден кейін музейде жұмыс сәл азаяды. Сол кезде сурет саламын. Сенбі-жексенбі күндері ешқандай құдалыққа бармаймын. Мені танитындар «Айнабек осы жерде тұрады» деп әзілдейді.
– Қылқаламы қолынан бір сәтке де түспеген сіздей жан зейнетке шыққан соң қайтер екен?
– Өмірде суретшіліктен басқа кәсібім болған емес. Осы өнеріммен әлемді таныдым, көптеген елдерді араладым, бала-шағамды асырадым, оқыттым. 60-тан асқан шағымда басқа қызметке ауысуым мүмкін емес. Себебі, қиын кезеңдерде менің әріптестерім құрылысшы болса, енді бірі саудаға кетті. Сондай ауыр кезеңдерде мен Суретшілер одағын басқарып, еліміздің түкпір-түкпіріне жүгіріп, жұмыс істедім. Бір жағынан, оны мақтан етемін. Материалдық құндылықты емес, рухани құндылықты бағалағаныма өкінбеймін. Ешкімнен кем болған жоқпын.
– Облысымыздағы музей ісін дамыту үшін тағы да қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір музейді кеңейту мәселесі сөз болуда. Бір айдай сол келешекте салынатын музейдің техникалық-сараптамалық жұмыстарын істедім. Ол құжат 58 бетті құрады. Көп бағыттағы Өнер музейі ашылуы керек. Облыстағы музейлер жиынтығы деп айтса да болады. Көлемі 17,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның кіреберіс вестибюлінің өзі 1100 метр. Сол бойынша техникалық құжаттамасы қаралуда, әкім тиісті басқармаға тапсырма берді. Егер бәрі жоспар бойынша атқарылса, онда екі жылдың көлемінде сол жаққа көшіп кетуіміз мүмкін. Әкімшілік-іскерлік аймақтан және жаңадан салынып жатқан «Шымкент Ситидің» жанынан бір орын қаралып жатыр. Оның территориялық көлемі 5 га болмақ.
Мұндай музейлер негізі әлемдік тәжірибеде бар. Бастысы салынатын орнына да байланысты. Астанадағы Ұлттық музей де жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Алып музейге айналып үлгерді. Мысалы, өзіміздің тарихи-өлкетану мұражайы 2,5 мың шаршы метр аумаққа сыймай отыр. «Ерлік» мұражайы да арнайы салынбаған, бұрынғы Демалыс үйінің ғимаратына орын тепкен. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ғана арнайы салынды. Бәлкім, сол музейдің бір секторы жаңа үлкен музейден ашылуы мүмкін.
Француз елінде Лувр деген әлемдік музей бар. Сол музей 300 мыңнан аса адамға жұмыс беріп отыр. Сол Луврдың айналасында орналасқан мекемелер әлемнің 170 тілінде кітап, күнтізбе, баспа өнімдерін шығарады. Ал билеті 15 еуро тұрады. Ал шығарып жатқан кітаптарының бірде-біреуі 15 еуроға бағаланбайды, 10 еуродан аспайды. Оның ішінде тамақтанатын жерлер, көрме алаңдары, әлемге әйгілі үздік туынды «Джоконда» бар. Оған кіру үшін таңғы сағат 4.00-ден кезекке тұрасыз. Келіп-кетіп жатқан туристердің санында шек жоқ. Тиісінше ел қазынасына қомақты қаржы құйып отыр. Наполеоннан да бұрынғы патшалары әлемдегі құндылықтың бәрін Францияға тасыған. Қазір әлемдегі ең құнды жәдігерлердің 65 пайызы бір Луврда жинақталған. Керемет емес пе?! Мұның бәрін айтып отырған себебім, бізде де сондай ұлттық менталитетімізді жаңғыртатын ірі музей ашылса деген ой.
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ