Күлкі жәрмеңкесі – Түркістанда

Вторник, 11 Апрель 2017 12:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5231 раз

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында көне шаһарда «Күлкі жәрмеңкесі» дүркіреп өтті. Халықаралық фестиваль Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында ұйымдастырылды.

kulki-jarmenkesi 2

Түркітілдес мемлекеттер арасындағы сайысқа Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қытай Халық Республикаларының сатира саңлақтары және елімізге белгілі өңірдің әзіл-сықақ театрлары қатысты. Әзіл әлемінде қолтаңбасы бар әзілкештер шараның салмағын арттырып, шырайын кіргізді.

Бауырлас әзілкештер басқосуын Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев пен ОҚО мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева құттықтау сөзбен ашты.

– Халықаралық «Түрксой» ұйымының ұйымдастыруымен үлкен мәдени-танымдық шаралар өтіп жатыр. Сол шара Күлкі жәрмеңкесі аясында жалғасын табуда. Сатира – өмірдің айнасы. Астарлы әзілдің, қағытпа қалжыңның астарында қашанда шындық бар. Сондықтан күлкіден айырмасын дегім келеді. Қатысушы барлық әзіл-сықақ театрларына алғысымды білдіремін, – деді Әліпбек Өсербаев.

Фестивальге Оңтүстік Қазақстан облысының әзіл-сықақ және сатира театры мен «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Нысана» театрлары әзілмен әрленген өнер тартуын арнады.

– «Күлкі жәрмеңкесі» 30 жылдан бері әзілкештердің,сатириктердің бас қосатын мерекесі іспетті. Бұл шара тек Шымкентте өтеді. Неге? Жалпы Қазақстанда әзілдің отаны – Шымкент деп саналады. Бұл өңір қазақы қалжыңның ордасы, – дейді облыстық әзіл-сықақ театрының әртісі Уәлибек Әбдіраймов.


kulki-jarmenkesi 1«Күлкі жәрмеңкесі» 1986 жылдың 1 сәуірінен бері өткізіп келеді. Бүгінге дейін шара аясында «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан» сынды танымал театрлардың тұсауы кесілген.Оның алғашқы негізін елімізге белгілі сықақшы Мұхтар Шерім қалаған. Фестивальде сатира саласының аға буыны облыстық мәдениет басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің арнайы сый-сияпаты табысталды.

Халықаралық Күлкі жәрмеңкесінде өзбекстандық «Мирзо» театры, сондай-ақ «Алдараспан», «Шаншар» әзіл-сықақ театрлары көрерменнің құрметіне бөленіп, әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтірді.

Бауырлас сықақшылардың әзіл кешінде 11 театр ұжымы облыс әкімдігі атынан алғыс хат пен 350 000 теңге қаржылай сыйлықты иеленді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.