«Қазақ елі» Каирде бас жүлдені иеленді

Пятница, 24 Февраль 2017 06:14 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 14598 раз

Каирде өткен 10-шы халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Қазақ елі» бірден үш жүлдені иеленді. Бұл туралы картинаның режиссері Батырхан Дәуренбеков мәлімдеді.

qazaq eli 2

Халықаралық фестивальде 50-ден астам елдің үміткерлері бақ сынаған. Олардың қатарында анимациялық фильм түсіруден үздік АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия елдері бар. Бұл мемлекеттердің ең үздік киностудиялары 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер ұсынған. Солардың арасында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұсынған «САҚ» киностудиясының «Қазақ елі» анимациялық фильмі бас жүлдені жеңіп алды. Өткен жылы көрерменге жол тартқан туынды кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Мультфильм Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағы мен хан болған шағына дейінгі аралықты баяндайды. Оның түсіріліміне 2D және 3D-технологиялары қолданылған.

– Анимациялық туындының шетелде жоғарғы баға алып, жүлдегер болғанына қуаныштымын. Мұндай жеңістер алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді. Фильмнің түсіру тобын жеңісімен құттықтаймын, – дейді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков. 

Халықаралық фестивальде «Қазақ елі» анимациялық фильмнің авторлары да «Үздік музыка», «Үздік режиссура» номинациялары бойынша да жүлдегер атанды. Атап айтқанда, картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазған музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды.

Последнее изменение Пятница, 24 Февраль 2017 10:39
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.