«Алмас қылыш» – отаншылдық сананы оятатын фильм Избранное

Среда, 11 Январь 2017 07:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6705 раз

Бала күнімізде «Қыз Жібек» фильмін қайталап көруден жалықпайтын аға буын өкілдері болушы еді. Әр тамашалаған сайын жаңа көріп отырғандай рахат күй кешетін. Өнерге құрметі ерек сондай ауылдас ағаларымыздың бірі: «Кино деген құдірет қой, бауырым!» дейтін шаттанып. Айтса, айтқандай-ақ, деп ойланып қаласың. Сол кино өнері замана көші жылжыса да қоғамды тәрбиелейтін маңызды рөлін жойған емес. Кино – бүгінде идеологияның басты құралы. Бұл анықтама дәл қазiр күшiне мiнiп тұр. Айтпағымыз, соңғы жылдардың бедерiнде мемлекет тарапынан кино өнерiне ерекше көңіл бөлiне бастады. Мұны қазақ киногерлерiне жасалып жатқан үлкен демеу мен қамқорлық деуiмiзге әбден болады.

17310-9

Қуанасың. Қазақ киносының қоржыны жуырда тағы бір тарихи фильммен толықты. Көпшілікке «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы» киноэпопеясы, сондай-ақ «Тығырықтан жол тапқан», «Теміртау» атты фильмдерімен киносүйер қауымға кеңінен танылған режиссер Рүстем Әбдіраштың тарихи драмасы «Алмас қылыш» фильмі жұрт назарына ұсынылды. Ол еліміздің барлық кинотеатрларында 5 қаңтардан бастап көрсетілуде. Фильмнің идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырыс бергеннен кейін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «CentaurusRustemAbdrashevproduction» ЖШС жүзеге асырыпты.

Көптен күткен фильмді тамашаламақ ниетпен редакциядағы әріптестермен бірге Шымкенттегі «Мега» сауда үйінің кинозалына біз де бас сұқтық. Тарихи фильмнің тұсаукесеріне келіп жатқан халық көп екен. Жас та, жасамыс та жетерлік. Бұл, бір жағынан, қазақстандық көрерменнің соңғы жылдары қазақ киносына деген қызығушылығының артқандығын көрсетсе керек. Фильмді 2 сағат 20 минут тапжылмай отырып тамашаладық. Көрнекті жазушымыз Ілияс Есенберлиннің тарихи трилогиясының желісі бойынша түсірілген бұл туынды 15-ғасырдың орта тұсынан, яғни Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұрагері болып отырған мемлекеттің дүниеге келген кезеңдерін баяндайды. Сұлтандар Моғолстанның билеуші Есенбұғадан қоныстайтын жер алып, екі жақ мәміле шартқа қол қояды. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз да көшке ілесіп, елдің айырылуына себеп болған оқиғаларды жырына қосады. Фильм соңына таман Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізіп, Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын әйгілейді. Міне, фильмнің қысқаша мазмұны осындай. 

slide-3

«Тарихыңды білмесең, келешегіңді болжай алмайсың» дейді бабаларымыз. Сөз жоқ, «Алмас қылыш» – қазақ киносының алтын парағы. Бұл фильм – сериалдың кинонұсқасы. Яғни, 10 сериядан тұратын телехикаяның сығымдалған нұсқасы. Мемлекет басшысы «Қазақфильмге» жасаған сапарында «Халқымыздың ұлы тұлғалары мен жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтiн киноларды көптеп түсiру қажет», деген едi. Фильм – сол бастаманың жемісі. «Алмас қылышқа» жалпы 500-ден астам адам қатысып, 100-ден аса актер тартылған. Фильмнің бас кейіпкерлерінің рөлін – Керей ханды Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, ал Жәнібекті көпшілікке Бауыржан Момышұлының рөлі арқылы таныс Еркебұлан Дайыров сомдайды. Сондай-ақ Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым) және көрермендерге «Аманат», фильмімен таныс Қарлығаш Мұхамеджанова (Рәбия бегім), Досхан Жолжақсынов, Дінмұхамед Ақымов, Иісбек Әбілмәжінов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Кәмшат Жолдыбаева және т.б. кино және театр актерлері өнер көрсеткен.

slide-5

Әу баста сериал болып жоспарланған бұл фильмнің сценарийінің бірнеше жобасы да жазылған. Оны шетелдік мамандар емес, өзіміздің жазушы, драматург Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов есімді азамат пен фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш бірлесе жазып шыққан. БАҚ-қа берген сұхбатында фильмнің режиссері кеңестік заманда жазылған шығармаға («Алмас қылыш» романы 1971 жылы жарық көрген) қазіргі заман тұрғысынан қарап, өзгерістер енгізгенін айтады. 

– «Алмас қылыш» – Ілияс Есенберлиннің үш томдық трилогиясының бірінші кітабы ғой. Оны негізге алдық. Бірақ, тұтас кітаптағыдай болған жоқ. Себебі, Ілияс ағамыз кітапты жазған кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Және Кеңес идеологиясына сай көп нәрселер айтылмады. Сондықтан біз қайтадан қалпына келтіруге тырыстық, – дейді Р.Әбдіраш.

Сценарий авторы, белгілі жазушы Смағұл Елубайдың пікірінше, бұл көркем фильм жан-жақты шығармашылық ізденістің жемісі. «Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі ұлы тарихқа кіріспе деуге болады. Біз бұл жерде Қасым ханның отыз жылдық соғысына дайындық жасадық. Қасым мен Бұрындықтың арасындағы жағдай, Қасымның Сығанақты алуы, бұларды құрту үшін Әбілқайырдың аттануы секілді тарихтың бәрі алда. Біз соны арман етіп отырмыз», – дейді ұлт жанашыры С. Елубай.

slide-11

Көрермен ретінде алған әсерімізбен де бөлісе кетсек, артық болмас. «Бәрі де салыстырмалы түрде анықталады» деген тәмсілге салсақ, фильмді қазақ киносының шоқтығы биік туындылардың қатарына жатқызуға әбден болады. Қазір тіпті «Алмас қылыш» алдыңғы «Көшпенділер» фильмінің олқы тұстарын толтырды деген пікірлерді де естіп қалып жатырмыз. Оның да жөні бар. Себебі, декорация, түсіру техникасы, костюмдер, кейбір трюктер мақтаулы Голивудыңыздан еш кем емес. Сарбаздардың қару-жарақтары, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдері шеберлікпен жасалғаны көрініп тұр. «Көшпенділер» фильміне 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалса, «Жау жүрек мың бала» 11 миллион долларға түсірілген екен. Ал «Алмас қылышқа» бөлінген қаржы – 3 миллион доллар шамасында. Дегенмен, соңғы фильмнің қаржылық қуатына қарап, мазмұны алғашқы екеуінен кемшін түсті деуге келмейді. Қайта артық болмаса кем емес, ойлы көрерменді намыс биігіне жетелейтін, толғантатын тұстары баршылық.

slide-3

Тағы бір көңілге қуаныш сыйлайтыны, фильмді ұлттық режиссер түсіріп, ұлттық мамандар жұмыс істеген, ең бастысы өзіміздің актерлер ойнаған. Бұрын қазақ киносында көріне қоймаған актерлерге де таңдау жасалыпты. Аталған актерлер өз рөлдерін тамаша алып та шыққан. Мысалы, Керей (Қ. Кемалов) көрген-түйгені мол, әр сөзін нықтап, кейде астарлап, дөп сөйлейді. Шалт әрекетке бармайды. Мұны Әбілқайыр ханмен сөз қағыстырғанда байқауға болады. Жәнібек (Е. Дайыров) өзіне сенімді, болашақты бағдарлай білетін, қай-қай тұста да бірлікті биік қойған жас сұлтан. Осы орайда екі актердің тандемі сәтті шыққанын ойлы көрермен аңғарар еді. Екеуі де елдік мәселеде бұра тартпай, халықтың күшіне сүйене отырып, ортақ мақсатқа жұмыла біледі. Десе де, фильмнің аяғына таман бір эпизодта «массовка» жағы аздау көрінгендей болды. Айталық, Керейді биік төбенің басында ақ киізге салып, хан көтерген кездегі «массовканың» кемшіндігін бірден байқар едіңіз. Фильмнің кульминациялық тұстарының бірі ретінде бұл эпизодқа ерекше мән беру керек еді деген ой келді.

Жалпы алғанда, фильмде келісті сөз, ұлттық мінез, тағылымды, толғамды пікір мол, тіпті әдемі юмор да бар. Бойыңызды шымырлатып, көңіліңізді босататын, рухыңызды көтеретін тұстары да аз емес. Ең бастысы, идеологиялық мазмұны жағынан «Алмас қылыштың» қаншама фильмнен көш ілгері тұрғанын баса айтуға тиіспіз. 

Фильмнің Шымкенттегі көрсетілім уақыты:

«Kinopark 5 3D» («Мега» орталық) – сағ: 18:50, 20:20, 23:10.
CINEMAX («Шымкент плаза») – сағ: 12:35, 19:15.
«Арсенал» («Фиркан сити») – сағ: 20:20.
Толық мәліметтерді www.kino.kz сайтынан алуға болады.

«Көптің пікірі қандай екен?» деп ғаламтор мен әлеуметтік желіні бір шолып шықтық. Байқағанымыз, сын-пікірлерден гөрі ризалық пейілін білдіргендер басымырақ. Белгілі ақын Иран-Ғайып салиқалы ой қосыпты. «Ел тәуелсіздігіне дейін Керей мен Жәнібек туралы кино түсірілмек түгілі есімдерін атауға қорқатын заман еді. Тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырып жатса, ол тәуелсіздіктің жемісі. Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды», – дейді белгілі драматург. 

Бәрін тәшпіштеп, «қызығын» кетіріп қайтеміз, ағайын! «Алмас қылыш» – терең тарихымыздың алтын діңгегі, ұлт рухының үлкен белесі. Уақыт тауып тамашалаңыздар! Қазақ киносының кереметін сезініп, әдемі әсеріне бөленіңіздер! Өкінбейтіндеріңіз анық.

10686904 1415346888687706 3952271835745342840 nСая Қасымбек, драматург:

– Дәл қазір бізге, басқа емес, осындай фильмдер керек. Әсіресе, жастар үшін. Маған Жәнібекті сомдаған Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігі ерекше ұнады. Қазақ киносының дара тұлғасы Н. Жантөрин ағамнан соң «қорғасын көзді» актерді көре алмай жүр едім. Құр айқайға салмай, ішкі тебіренісін көзбен жеткізетін актерді көріп, қатты қуандым. Бұл – киноның үлкен жетістігі. Жас ұрпаққа отансүйгiштiктi насихаттаудың ең ұтымды жолы – осындай фильмдер. Буыны ендi бекiп келе жатқан жасөспiрiмдердiң кеудесiне ұлттық намыс пен қазақы рухты «Алмас қылыш» секілді кинолар арқылы дарытатынымызды естен шығармайық.

Последнее изменение Среда, 05 Апрель 2017 10:27
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.