«Біз біргеміз»

Среда, 12 Октябрь 2016 05:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6977 раз

МҮГЕДЕК ЖАНДАР – МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДА

20161010 183812

Облыстық Орыс драма театрында ОҚО прокуратурасының бастамасымен және облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Мүгедектер» күніне орай «Біз біргеміз» атты акция өтті. Оған мекемелерден бөлек, белгілі кәсіпкерлер, облыстық мәслихат депутаттары және басқа да қонақтар қатысты.

Алғашқы қадамын қайырымдылықтан бастаған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыс көлеміндегі атқарылған жұмыстарға баға беріп өтті.

– Денсаулыққа баса назар аударуымыз қажет. Бала анасының құрсағында жатқаннан оның дүниеге дені сау болып келуін қамтамасыз етуіміз керек. Ал науқас болып туған жағдайда дер кезінде көмек көрсетілсе, біздің облыстағы мүгедектер саны бүгінгіден де азаятыны сөзсіз. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасау шаралары облыстың шалғайдағы ауыл-аудандарында қарқынды жүруі тиіс, – деді Ж.Түймебаев
Ұйымдастыру шарасының бастамашысы болған Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ибраһим Иманов:

– Мемлекеттік қамқорлықтан бөлек, өңірімізде «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясы жолға қойылды. Акция аясында және іс-шаралар жоспарына сәйкес кәсіпкерлер демеушілік жасап, 7 мүгедек жанға спорттық және электронды қол арбаларын сатып алуға көмектесті. Мүгедектер арасында волейболдан өтетін жарыстарда облыс намысын қорғап жүрген 12 спортшысы бар команданы түгелдей дерлік қажеттіліктермен қамтамасыз етті. 4 мүгедек ноутбуктармен, тағы 13-і білім арттыруға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Сондай-ақ, 57 мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа алынды. Осы орайда, облыстық мәслихаттың депутаттары С.Сейітжанов, Қ.Балабиев, Қ.Молдасейітов, Н.Әбішев, М.Төлтебаев, Д.Ахметов сынды азаматтарға қайырымдылық шараларында белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіреміз, – деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2016 жылы мүгедектерді әлеуметтік қолдау мақсатында облыстық бюджеттен 6 млрд 274 млн теңге жұмсалған. Нәтижесінде, 1566 нысандағы пандустың 403-і ретке келтіріліп, 44 жерге арнайы дыбыс беретін бағдаршам, 51 нүктеге арнайы жол белгілерінің көрсеткіштері, мүгедектерге арналған 13 автотұрақ салынды. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 370, ал жұмыспен қамту орталығы арқылы 2114 мүгедек жан жұмысқа орналасты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.