Ұлттық қолөнер – әлемдiк брендтен кем емес Избранное

Пятница, 22 Июль 2016 05:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8286 раз

Бейнелеу өнері мұражайында «Шырайлы Шымкент-2016» туристік жәрмеңкесі өтті. Ұлттық қолөнер туындыларының көрмесін Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Өңірімізге белгілі шеберлер өз еңбектерін келушілер назарына ұсынды.

DSC 1390

Бүгінгі күні шеберлердің қолөнер бұйымдары өз маңыздылығын жоғалтпаған. Халық арасында үлкен сұранысқа ие. Туристік жәрмеңкеде бейнелеу және өнердің әртүрлі жанрлары кеңінен қамтылды. Олар жоғары сапасымен қатар, көркемдігімен де ерекшеленді. Хас шеберлер бұйымдарды дайындауда қазіргі заманғы түрлі материалдар мен өзіндік технологияларды тиімді ұштастырған. Келушілерді №34 «Ақжелкен» бөбекжай-балабақшасының шебері Құралай Жолдасқызы дайындаған ұлттық үлгідегі ойыншықтар таңғалдырды. Балалардың сүйікті кейіпкерлері Әли мен Аяның бейнесі, ертегі кейіпкерлері Алдаркөсе, Тазша бала таза табиғи матадан тігіліп, жасалған. Тоқыма түрінде әзірленген ойыншықтар да бар. Шебердің айтуынша, кейіпкердің түр-әлпетін бейнелеу кез келгеннің қолынан келмейді. Әзірге қолөнер туындылары тек балабақшада жасалады. Белгілі қолөнерші Мұхтархан Атахан ағаштан, теріден жасалған бұйымдарын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнапты. Мұхтарханның айтуынша, ағаштан түрлі бұйымдарды жасауды бала кезінен бастаған. Қызығушылықпен басталған іс кейін жеке кәсіпке айналған.

korme

Жәрмеңке көрмесін тамашалаушылар өңірге кеңінен таныс этнограф Кендебай Қарабдаловтан құмыра жасаудың қыр-сырын үйренді. Оның сыңсыған сазсырнайы мен кернейінің әсем әуеніне тәнті болды. Бейсбековтердің қайталанбайтын бірегей туындылары да келушілерді бей-жай қалдырмады. Отбасымен ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан шеберлер оюланған киіз, ұлттық нақышпен безендірілген алаша, кілемдерін келушілер назарына ұсынды. Жыл мезгілдерінен жасалған қолөнер коллекцияларының қай-қайсысы да ұлттық нақышқа, салт-дәстүрімізге бай. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әшірбек Желдібаевтың күмістен жасалған қанжары, 4 метрлік, салмағы 3 келі, 200 грамдық торсығы да келушілерге әсерлі дүние болды. Жәрмеңке көрмеде Арайлым Баракованың шымкестесі де тамашалаушылардың назарынан тыс қалған жоқ. 

DSC 1363

«Шырайлы Шымкент-2016» туристік жәрмеңкесінің мақсаты- ішкі туризмнің дамуына ықпал жасап, халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынасы – қолөнерін, салт-дәстүр мен ұлттық мәдениетті насихаттау, – деген Шымкент қаласы кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Әсет Абдраханов елімізде туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. 

korme-2

Көрмені ұйымдастырушылар – жәрмеңке шеңберінде «Ең үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша конкурс өткізді.
Нәтижесінде «Ең үздік қолөнер» аталымы бойынша Абайхан Рысбаев бірінші орынға ие болды. Қолөнер шеберлері Жұпар Бескенова, Нұржан Қарсыбаев арнайы жүлделерді иеленді.

Шымкент қаласының туристік нысаны «Мегаполис» қонақүйінің арнайы сыйлығы нар қобыз және қыл қобыз жасаушы Дәурен Миншаровқа және Құттықыз Қалмаханға берілді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.