Еншiсiне кiтап берген...

Пятница, 10 Июнь 2016 05:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3853 раз

Кейбіреулер өмірінде дүние жинаса, енді біреуі – кітапты қазынаға балайды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ғұмырын білім саласына арнаған Қаратай Төлебеков кітап жинауды әдетке айналдырған. Бүгінде 93 жасқа келген ақсақалдың мұрағатында 2300 дана кітап сақтаулы.

HUmV-fsu5Hw«Кітап көзі жұмыққа – арзан, көзі ашыққа – маржан» деген мақал бар. Қаратай Төлебековтің кітапқа деген әуестігі бала кезінен басталған. Жастайынан ата-анасынан жетім қалған бала әкесінің Тәжібай деген ағасының қолында өсті. Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылындағы мектептің табалдырығын аттаған сәтте-ақ, бала Қаратайдың оқуға, білім алуға деген талпынысы күшейе түсті. Оған қоса, ауылдағы Сейітмұрат деген мұғалімнің тұратын үйі болмай, Тәжібай ағасының үйін паналаған екен. Ұстаздың дүние-мүлік атаулыдан тек 50-ден астам кітабы ғана болған.

– Ол кісі бұл кітаптың барлығын сол заманда сыйлыққа алыпты. Әріп танып, сөз бен сөзді байланыстырып оқи бастаған мен сандықтың ішінде тұрған кітапты тезірек қолыма алғым келді. Оқуды жаныма серік еттім. Колхоздың қара жұмысынан соң, шаршағаныма қарамастан кітап оқып бір жасап қалатын едім. 7 сыныпқа дейін мұғаліммен келген кітаптың барлығын оқып шықтым. Оның ішінде Сәбит Мұқановтың

«Жұмбақ жалау» деген романы бар. Кейінгі ұрпаққа ол «Ботагөз» романы ретінде жақсы таныс. Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», Ғабит Мүсіреповтің «Жолдастары», сондай-ақ, Лев Толстойдың қазақшаға аударылған бірқатар шығармаларын оқыдым. Кітаптан үйренгенім әскерде кәдеме жарады. Сонымен қатар, зейнетке шыққанша білім саласында тапжылмай еңбек етуіме көп үлесін қосты. Содан болар, кітап жинау деген жақсы әдет пайда болды, – дейді Қ.Төлебеков.

Қаратай ақсақал саналы адам ғұмырында 2000 кітап оқу керектігін айтады. Тек өзі ғана кітаптағы байлыққа кенелмей, ұлдарына енші бергенде «асыл қазынасын» бөліп беріпті.

– Қазір 600 кітап өз үйімде тұр. Ұлдарым бөлек шыққанда «Үйлеріңде тұрсын, балаларың оқиды» деп, кітаптарымды 500 данадан үлестіріп бердім. Кейінірек, қаладағы кітапхананың біріне сыйға тарттым. Ұлдарымның үйіне барған сайын өзім аманат етіп тапсырған кітаптарымды көріп қуанып қаламын, – дейді қария.

Қаратай Төлебеков жинаған роман, повестьтердің арасында білім саласына, сондай-ақ, түрлі энциклопедияларды, дәстүрлі және халықтық медицинаға қатысты көптеген кітаптарды көресіз. Тіпті, оқу мен білімге деген құмарлығының арқасында сексеннің сеңгіріне дейін жас ұрпаққа дәріс беруін жалғастырған.

Последнее изменение Пятница, 10 Июнь 2016 10:34
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.