Версия для печати

Суретшiлер симпозиумы – Оңтүстiкте

Пятница, 27 Май 2016 05:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4022 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте «Дархан далам» атты суретшілер симпозиумы қорытындыланды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 22 мәдениет қайраткері мен қылқалам шеберлері қатысқан болатын. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жұмақын Қайранбаев (Алматы), Алпысбай Қазығұлов, Сембіғали Смағұлов, Өсербай Шоранов (Павлодар) бар.

suretshiler

«Дархан далам» симпозиумы биыл Оңтүстікте үшінші рет ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлері Түркістан қаласындағы көркем орындарда болып, «Ақсу-Жабағылы» қорығында пленерлік жұмыстарын өткізді. Суретшілер мен кескіндемешілер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына да тарту жасап, туындыларына қаламыздағы Ордабасы алаңы, Шәмші гүлзары, Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Абай» саябақтарының тамаша табиғатын арқау етті. Ал симпозиумның қорытындысы бейнелеу мұражайында өтті. Келушілер назарына «Дала аңызы», «Яссауи кесенесінің киесі», «Шаһарымыздың шежіресі» сынды көркем туындылар көрменің төрінен табылды. Сондай-ақ, жеңімпаздардың да есімі анықталды.
– Бейнелеу өнері бойынша әлемде симпозиумдар мен түрлі форумдар үнемі өткізіліп тұрады. Сол шаралардың бірегейі – суретшілер симпозиумының маңызы зор. Оны өткізудегі басты мақсат – бейнелеу өнерін насихаттау, қала тұрғындары мен қонақтарын республикамыздың барлық облыстарынан келген суретшілер шығармашылығымен таныстыру, суретшілер арасында тәжірибе алмастыру. Мұндай ізгі бастамалар мәдениеттің дамуына ықпал ететін дара жол», – дейді облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Айнабек Оспанов.
Шымкенттегі кезекті симпозиумға қатысқан суретшілер бейнелеу мұражайына өз еңбектерін тарту етті. Қатысушы жеңімпаздардың барлығы алғыс хаттармен марапатталып, 150 мың теңгеден қаржылай сыйлықты иеленді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.