«Мен Анамын, ақынмын, әлемді ойлар....» Избранное

Пятница, 14 Июнь 2024 06:23 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1394 раз

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы 75 жасқа толып отыр. Осыған орай Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақынмен сыр-сұхбат өтті.

Xan

 

Өлеңді өмір деп білген хан қызындай Хан-апа туралы айтылар пікір көп. Өткен ғасырдың орта белінен қазақ ақын-жазушыларының қатарына жаңа есім қосылып, көпшіліктің көңілінде қалып қойған. Поэзия есігін ақын қыз болып имене аттап, ақын апа, Хан-апа атанғанға дейінгі аралықтағы қиындықтар мен сынның бәріне шыдас берген ақынның жолы көпке өнеге.
Ол «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім мен» , «Ақ жол», «Жібек», «Шолпан» кітаптардың авторы.
100-ге жуық оқырманы мен елге сыйлы азаматтар жиналған жиынның мақсаты – Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығына ақынның өзімен бірге үңілу. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Сатыбалды Қосалыұлы, жазушы, журналист Шойбек Орынбай Хан-апаны тік тұрып, қошеметпен қарсы алды.
Хан қызына көрсетілген құрметтен кем түспейтін халық қошеметінен кейін ақынның шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Ханбибі ақын өзінің өлеңдерінде бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстарды қалт жібермейді. Тіпті алда болатын игілікті істерді елден бұрын болжап, өлеңіне арқау еткен.
Іс-шара барысында
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің студенттері ақынның түйткілді мәселелерді түйреп жазған өлеңдерін оқып, көпшілікке рухты сезім сыйлады. Сондай-ақ, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Құралай Сәтмұхамбетова ақынның сөзіне жазылған «Алтынай», «Көңіл гүлі» әндерін орындады.
Кітапхана қызметкерлері ақынның «Жібек» атты туындысынан сахналық қойылым қойды. Мінезі қатал болғанымен, болмысы нәзік Хан-апа көріністен кейін көзіне еріксіз жас алды. 18 жыл толғанып, 18 күнде жарық көрген бұл шығармасы ақынның өз өмірінен алынған оқиғалар желісімен құралған. Рухани демалыс сыйлаған кеште ақынның өзі тебіреніспен әртүрлі көңіл-күйді бастан кешіріп отырды.
– Шығармашылығым жайында керемет көрме ұйымдастырыпты. Кітапхана қызметкерлері төркініне келген қыз сияқты қарсы алып жатыр. Мұның өзі бұл ұжымның өте жоғары деңгейдегі мәдениетті ел екендігін білдіреді. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде өткізілген жиынның кезектісі «Мен анамын, ақынмын, әлемді ойлар...» деген тақырыпта болып отыр. Жылдың соңына дейін дәл осындай кездесулер мен кештер, сыр-сұхбаттар жалғасады, – деді Ханбибі Есенқарақызы.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.