Политехникалық колледж «Жас маман» жобасына іріктелген шаһардағы арнаулы оқу орындарының бірі саналады. Мұнда техникалық мамандықтар, соның ішінде «Жас маман» жобасы аясында радиотехника және байланыс, сондай-ақ, электрмен қамтамасыз ету мамандықтары тереңдетіліп оқытылады.
Радиотехникадан дәріс беретін Есімхан Досжанов пен оның шәкірті Даниял Мақсатұлы мамандықты оқытуда қолданылатын зертханалық, тәжірибелік құрал-жабдықтармен таныстырып шықты. Оған зертханалық модуль, аксилограф, активті идентификатор, оптикалық рефлектометр, Fitel S 179 аппараты, оптикалық муфта секілді құрал-жабдықтар жатады. Электрмен қамтамасыз ету мамандығында шәкірттерге электр желісін монтаждау, үйге домофон орнату секілді жұмыстар тәжірибе жүзінде үйретіледі.
Политехникалық колледж директорының орынбасары Әлібек Беков жоғарыда аталған құрал-жабдықтар «Жас маман» жобасы аясында мемлекет есебінен 288 млн теңгеге сатып алынғанын жеткізді. Колледжде зертханалық стендтер арқылы радиобайланыс пен электр энергиясы мамандықтарын тереңдетіп оқытуға айрықша мән беріледі.
Ал қаладағы №6 колледжде аспаз, кондитер, наубайханашы, азық-түлік өнімдерін сатушы мамандықтары оқытылады. Колледж түлектері бүгінде шаһардағы «Рахат» фабрикасы, «Мадлен», «Ладушки», «Магнум», «Кәусар» өндіріс орындары мен сауда және тамақтану желілерінде жұмыс істеуде. Сондай-ақ аталған оқу орнында ресторандық сервис қызметіне де үйретеді. Оқу бітірген түлектердің көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасады.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, мегаполисте 32 колледждің 24-і техникалық бағытта білім береді. Мемлекеттік тапсырыс аясында онда 5 702 студент тегін білім алады.
— Басқарма тарапынан қаладағы ірі құрылыс кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде 1 604 мамандыққа сұраныс бар екені анықталды. Сондықтан осы мамандықтарға даярлау үшін техникалық колледждерге қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырдық. Олар – тас қалаушы, құрылысшы, сылақшы секілді мамандықтар. Бұрын түлектердің жұмысқа орналасқанын зейнетақы қоры арқылы біліп отыратынбыз. Қазір анықтау тәсілін өзгерттік. Соның бір дәлелі, 27 кәсіпорынмен тікелей келісімшартқа отырдық. Сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспары бойынша заңгер, экономист секілді мамандықтар қысқаратын болады, – деді Жанат Арысбекқызы.