Назарбаев Зияткерлік мектептері: Шымкентпен байланыс артады Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4817 раз

Биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрылғанына – он жыл. Бұл – еліміз үшін орны бөлек мереке. Бүгінгі таңда елімізде Елбасының қолдауымен ашылған жалпы 20 мектеп болса, соның екеуі Шымкентте орналасқан. Өңірлердегі Назарбаев Зияткерлік мектептері әлемдік білім беру жүйесімен теңесіп қана қоймай, ендігі қалалық білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасуда.

Б

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алдағы уақытта қаладағы 20 жетекші білім ошағымен тығыз-қарым қатынаста жұмыс жасамақ. Бұл – таяуда Шымкент қаласы әкімімен түзілген меморандум аясындағы алғашқы қадам. Мектеп директоры Балқан Қасымов қаладағы білім беру мекемелеріне Зияткерлік мектептің тәжірибесін енгізу бойынша алдағы уақытта атқарылар жұмыстарымен бөлісті.
– Елбасының Зияткерлік мектептер құру туралы идеясының алғашқы мақсаты әлемдегі озық технологияларды бір арнаға жинақтау болса, екінші үлкен бір мәселе – ол тәжірибені кеңінен тарату, - дейді мектеп директоры.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы осы мектептердің тәжірибесін елдегі бүкіл білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне шығару керек екенін айтқан еді. Осыған орай жуырда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесіп, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Алдағы уақытта қалалық білім басқармасына қарасты 147 мектептің білім жүйесіне жаңартылған оқу мазмұнын негізге ала отырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесі енгізіледі. Яғни, Шымқаладағы 15 мыңға жуық педагог аталған білім ошағының оқу бағдарламасын меңгермек. Бұл үдеріске еліміздің барлық білім беру мекемелері көшірілуде.

НИШ 3

– Соңғы үш жылда әр апта сайын жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдерге шеберлік сабақтарын өткізуді қолға ала бастадық. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданылатын жаңа тәсілдерді игеру семинарларына 2016-2018 жылдар аралығында қаладағы 11736 мұғалім қатысты. Кембридж университеті мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бірігіп жасаған деңгейлік бағдарламалар аясында - 636, мектеп үйлестірушілер курсында – 170, ал мектеп бапкерлерін дайындайтын курста – 482 педагог біліктілігін жетілдірді.
– Биыл Шымкент республикалық шаһар статусына ие болып, дербес қалаға айналды. Енді Назарбаев Зияткерлік мектептері шаһар басшысымен ынтымақтастық меморандумын түзіп отыр. Қазір осы бағытта жұмыс жоспары әзірленуде, – дейді Балқан Қасымов. – Бұл жерде айта кететін мәселе, Шымкенттегі мектептермен жұмыс істеу жеңілірек деуге болады. Ондағы мұғалімдер әртүрлі инновациялық өзгерістерге жақын. Қазіргі таңда сол мектептерден жетекші оқу ошақтары бекітілген. Оқу бағдарламасы алдымен сол мектептерде енгізіледі.
Жасанды интеллект дамыған тұста жастардың адами қасиеттерін жоғалтпай, патриоттық тұрғыда өсіп-жетілуі басты назарда деген Балқан Қасымов Елбасының Жолдауында атап өткен «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң жобасына қатысты да ой-пікірін білдірді. Оның айтуынша, мұғалімдерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау өте орынды.
– Баспана мәселесі мен айлық табысының артуы, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдету педагогтердің жұмысына оң серпіліс береді. Дегенмен, ұстаз қай кезде де өзін сыйлы ұстап, сыйлата білуі тиіс деп ойлаймын. Бұл тұста көп нәрсе оқытушының өзіне де байланысты екенін ұмытпайық. Себебі, барлығымыз үшін мұғалім – қасиетті де қастерлі мамандық. Ұстаз ол құрметті еш нәрсеге айырбастап ала алмайды. Олар сол құрмет-қошеметке лайықты еңбекпен жету керек, – дейді Б.Қасымов.

Азамат ЖАППАР

 

Мектептер көбейеді

Елбасы халыққа Жолдауында мектептердің үш ауысымда және апатты жағдайда болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін айтты. Бұл қадамдар мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игіліктің бастамасы болары сөзсіз.
– Мемлекет басшысы Жолдауда күні бүгінге дейін елімізде мектеп тапшылығы мәселесі бар екенін де айтып өткен болатын. Шымкент қаласында мұндай өзекті мәселені шешу жолдарының бірі – жекеменшік білім беру ошақтарын ашу да жолға қойылып отыр, – дейді Шымкент қалалық білім басқарма басшысының орынбасары Айгүл Текебаева. – Мысалы, 2008 жылдардан бастап мемлекет тарапынан жеке секторға «Балапан» бағдарламасы аясында әр бала үшін қаржы бөлініп, ынталандыруының нәтижесінде бүгінде Шымкент қаласында сәбилердің балабақшамен қамтылуы 95 пайызға жеткен.
Бұл әдіс мектептерге қатысты да қолға алынған.
– Қазір қаламыздағы бірқатар мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуда. Енді жан басына қаржыландыру және жекеменшік мектептердің санын көбейту көзделіп отыр. Мысалы, биылдың өзінде шаһарда 3 жекеменшік мектеп балаларға мемлекеттік стандарт бойынша білім беруді бастады. Алдағы жылдары ондай білім ошақтарының саны артады деп болжап отырмыз. Өйткені, мемлекет тарапынан жекеменшік мектептер үшін әр баланың басына қомақты қаржы бөлінгелі тұр, – дейді А.Текебаева.
Білім басқармасының өкілі Президенттің тапсырмасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның да әзірленуі ұстаздар қауымына орасан қолдау болады дейді.
– Мемлекет басшысының педагог мәртебесін көтеру туралы тапсырмасы барша мұғалім қауымын бір желпінтіп қойғаны рас. Себебі, «Ұстаз – бала жанының бағбаны» деген сөз бар. Ол оқушыға, ата-анаға және қоғамға үлгі. Білімді, білікті ұстаз әрқашан өзіне лайықты құрметке бөленеді. Білімді, оқушылармен, ата-аналармен жақсы қарым-қатынаста жүретін, бала жанын зерттей алатын ұстаздардың әрқашан мәртебесі биік, – дейді А.Қалыбекқызы.
Мұғалімнің қадірі мен мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген. Ұстаздардың мәртебесі мен келелі мәселесі мемлекет назарында. Елбасының бүгінгі оқушы, ертеңгі ел болашағын білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздардың мәртебесін көтеруді тапсырғаны барша қазақстандық мұғалімдерге жаңадан серпін бергені анық.

Бибайша Нұржанқызы

 

Сіз не дейсіз?

Біздің ұстаздарымыз білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелі мектептермен тығыз байланыста жұмыс істесіп келеді. Білім көшінде айрықша орнын тауып үлгерген Назарбаев Зияткерлік мектептері табысты еңбек етуде. Биылдың өзінде бірнеше ұстазымыз сол мектептен тәжірибе алмасып қайтты. Г.Тәжібекова мен
С.Қорғанова «Критериалды бағалау жүйесінің талаптары», «Ата-ана, оқушы және мектептегі бірлестік мүшелерімен жұмыс істеудің жаңа әдістері» тақырыбында өткізілген семинарға қатысты.
Назарбаев Зияткерлік мектептері заманауи құралдармен жабдықталған. Ондағы ұстаздардың да жағдайы жоғарғы деңгейде. Зияткерлік мектептегі әр оқушының бойынан алға қойған мақсаты бірден көрініп тұрады. Өте мәдениетті, зерек оқушылар білікті ұстаздардан алған білімін жетілдіріп, бүгінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай.
Жалпы орта білім беретін мектептер үшін озық бағдарламалар бойынша оқыту, жоспарлау, бағалаудың тиімді жолдары жөнінде тәжірбие алмасу мұғалімдердің және оқушылардың жаңа бағдарламаны тез әрі тиімді меңгеруіне ықпалы зор. М.Әуезов ағамыз айтқандай,«Адам мен адамды теңестіретін – білім». Ендеше, Шымкенттегі білім мекемелерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірбиесін енгізу маңызды деп санаймын.

Г.Аккузова,
Ә.Молдағұлова атындағы
№29 жалпы орта мектептің
директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.