×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Мұқтаж мамандарды оқытатын орда

Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:10 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4700 раз

Шымкент аграрлық колледжі – Оңтүстік өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласына орта арнаулы кәсіптік мамандар даярлайтын базалық оқу орны. Мұнда ізденуші талапкерлер жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді оқу жүйесінде тиімді пайдалана отырып, сапалы білім алады. Білім беру саласында қол жеткізген толайым жетістіктері бүгінде лайықты бағаға ие болуда. Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сай, атқарылған жұмыстарды сараптай келе, ҚР Білім және ғылым министрлігі Шымкент аграрлық колледжiн ел аумағындағы үздiк ондықтың қатарына енгізіп отыр.

DSC 0039

ТҮЛЕКТЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгінде аграрлық колледж біліктілігі жоғары мамандар даярлау үшін шетелдік (SAIT (Канада), Pearson (Ұлыбритания), TAFE (Австрия), TVET (Ұлыбритания), GIZ (Германия), РКБИ (Беларусия), LD DIDACTIC Group (Германия) сынды бірнеше серіктес компаниялармен бірлесе отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуді қолға алыпты. Колледж басшылығы мұнда шетелдік үздік колледждердің оқу тәжірибесін басты бағдарға алғанын айтады. Бұл үшін оқу ордасының материалдық-техникалық базасы заман қажеттілігіне сай толық жабдықталған. Колледж директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаев болашақта аграрлық сала мамандары үшін қайта даярлау орталығын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Өткен жылы бітіруші түлектердің 97 пайызы жұмысқа орналасты. Мамандарымыз сұранысқа ие болғандықтан, жұмыссыз қалмайды. Бүгінде мұнда 1500-ге таяу студент 15 мамандық бойынша білім алуда. Сонымен қатар, ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу саласына да мамандар даярлауды қолға алып отырмыз, – дейді Кенжехан Атақұлұлы. 

DSC02008

Іргетасы сонау 1972 жылы қаланған оқу ордасы бүгінде дуальді кәсіптік оқыту жүйесін дұрыс жолға қоя білген. 2012 жылдан бері «Агрономия», «Ветеринария», «Орман шаруашылығы, бақша-саябақтық және ландшафттік құрылыс», «Ауылшаруашылығын механикаландыру» және «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтарына дуальді жүйенің элементтерін қолданып келеді. Яғни, студенттер алған білімін тәжірибе жүзінде толық жүзеге асыра алады.

Бүгінгі күнде әлемнің Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция сияқты дамыған елдерінде дуальді оқыту жүйесі табысты жұмыс істеуде. Бұл жүйе – білікті кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Дуальді деген «бірлесу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, өндірістегі, әлеуметтік серіктестердегі өнім өндіру технологиясын білім ұйымдарының бағдарламасына енгізе оқытып, кәсіпорындарға мамандарды бірлесіп даярлайды.

DSC 0004

– Студенттер бірінші курста жалпы білім беру бағдарламасымен танысып, екінші курсында дуальді жүйе аясында білім алады. Яғни, 40 пайызы теориямен, 60 пайызы тәжірибе жүзінде оқытылады. Өндірістік база жасақтап, дуальді оқыту жүйесінің тиімділігін толық пайдаланудамыз. Бұл өз кезегінде, білікті маман даярлаумен қатар, өз-өзімізді қаржыландыруға да жол ашады, – дейді колледж директоры.

ХХІ ғасыр – білімді мен білікті, бәсекеге қабілетті сапалы маман тәрбиелеудің заманы. Бүгінде колледж ұжымы кәсіби шеберлігі жоғары, ұлтжанды, әлемдік озық мәдениет үлгілерін бойына сіңірген, нарық жағдайына бейімделген, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда осы ұстанымды берік бағдар етеді. 

Оқытушылар құрамында 1 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты болса, 36 оқытушы жоғары санатты, 30-ы бірінші санатты, 38-і екінші, 32-санатқа ие. 2-уі «ҚР Білім ісінің үздігі», 4-уі «Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен» және 10-ы «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісімен марапатталған. Өткен оқу жылының көрсеткіштері бойынша Ұлттық бизнес-рейтингісінің қорытындысында Шымкент аграрлық колледжі «Алтын қыран» және «Сала көшбасшысы – 2015» медаліне, «Білім саласы көшбасшысы – 2015» ұлттық сертификатына ие болды.

БІЛІМІН ТӘЖІРИБЕ ЖҮЗІНДЕ ҰШТАСТЫРАДЫ

DSC 0004

Колледждің заман талабына сай жабдықталған оқу ғимараты, акт залы, кітапхана, асхана, спорт залы, жазғы ойын алаңы, студенттер жатақханасы, автодромы, өндірістік оқыту базасы бар. Оқу ғимараты 960 орынға лайықталған. Оқу кабинеттері интерактивті құралдармен жабдықталып, барлығы локальдық желіге біріктірілген және интернетпен қамтылған. 

Білім ордасының иелігінде 5,5 гектар аумақты құрайтын оқу-өндірістік базасы құрылған. Онда ауыспалы егістік танабы, жүзім танабы, жартылай ергежейлі алма бағы және көкөніс бақшасы егілуде. Сондай-ақ, жылыжай, машина-трактор станциясы, «Ветеринарлық клиника», көкөністерді сақтайтын қойма және арнайы тәжірибеге алынған жануарлармен (жылқы, сиыр, өгізше, қой, тышқан, қоян, тауық) қамтылған. Шымкент аграрлық колледжінің студенттері аталмыш базада теория мен тәжірибені ұштастырып, өз біліктіліктерін арттыруда.

Студенттер үшін 440 орынға лайықталған жатақхана ғимараты қызмет етеді. Онда білім алушылардың сабаққа дайындалуына арналған кітапхана, интернетке қосылған компьютер жұмыс істейді. Ғимаратта мәжіліс залы, теледидар, бильярд бөлмелері де бар. 

DSC01114

Дәрістер алдымен теория жүзінде, кейін тәжірибе аясында көрсетіледі. Осылайша, тақырып балалардың жадында жақсы сақталады. Бұл үшін аталмыш оқу орнында 28 зертхана жұмыс істеуде.

– Студенттер сабақты теориядан гөрі тәжірибе жүзінде жақсы түсінеді. Құрылғыларды тікелей қолмен ұстап, ақауларын табады. Сөйтіп, жөндегеннен кейін, шәкірттердің сабаққа қызығушылығы арта түседі. Бір апта теория, келесі апта машықтану сабағын өтеміз, – дейді зертхана мамандары.

Оқу ордасының кітапхана қоры да жеткілікті деңгейде қамтылған. Студенттер мұнда кәсіби сала мамандарының еңбектерімен таныса алады. Сонымен қатар, көркем әдеби жанрда дүниетанымын дамыта алады. Колледж ұжымының зерттеу мақалалары, студенттердің өз ғылыми жобалары да арнайы қор ретінде сақтаулы тұр.

Ел аумағында үздіктер қатарынан аталатын базалық оқу орнының бүгінгі тынысы шынында, көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Жарқын келешекке нық қадам басқан колледж студенттерінің алға қойған мақсат-межелерінен біз үлкен қажырлылық пен сенімділікті байқадық.