Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, мектеп оқушыларының формасына қойылатын арнайы талаптар бекітілгені мәлім.
Осыған орай, орта білім беру ұйымы мен ата-аналар комитеттері, қамқоршылық кеңестері өз мектептерінде оқушылардың мектеп формасының түсін, үлгісін таңдап, қыз балаларға арналған белдемшенің (юбка) ұзындығын айқындайды. Сондай-ақ, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіліп, мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестерінің келісімімен қабылданады.
Әзірге, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер тарапынан қолдау тапқан мектеп формасының алғашқы үлгісі «Гауһар» және «Алтын адам» тігін фабрикаларында дайындалды.
Министрліктің №26 бұйрығында білім бөлімдері отандық өнімдерді ұсына алатындығы көрсетілген. Осыған байланысты, Шымкент қалалық білім бөлімі талап-тілектер нормасына сай дайындалған биылғы мектеп формасын «Гаухар» және «Алтын адам» тігін фабрикаларының өнімін ұсынған. Алайда, отандық өнімдерді сатып алуға міндеттей алмайды. Сондықтан ата-аналар, білім беру мекемелерінде ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестерімен айқындалған форманы өздерінің әлеуметтік жағдайына байланысты кез келген сауда нүктелерінен сатып ала алады.