Шәкiрт тәрбиелеудi бақыт санаған

Пятница, 10 Июнь 2016 04:10 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3236 раз

Өмірдің өзі ұстаз десек те, жалпы адамзат баласы саналы ғұмырында өмірін сол қызметке арнаған асыл жандардың, яғни ұстаздардың алатын орны ерекше. Саналы ғұмырының 70 жылға жуығын ұстаздыққа арнап, оны әлі күнге абыроймен атқарып келе жатқан елімізге танымал тарихшы-ғалым, нағыз ұстаз Қапира Сәдуақасқызы үстіміздегі жылы 10 маусымда торқалы тоқсанның төріне шығып отыр.

oqmpi0-2Қапира Сәдуақасқызы 1926 жылы бүкіл түрік тектілердің қасиетті бір өзен анасы саналған Ертістің бойындағы Павлодар облысының Ақсу ауылында дүниеге келген. Жастық шағы ел басына түскен «нәубет» жылдармен сәйкес келіп, жастайынан жетімдіктің қиындықтарын көп тартады. Сол бір ауыр жылдары қазақы бауырмалдығы жоғары азаматтар қаншама жетімдерді паналатып, оқытып қатарға қосыпты. Соның бірі – Қапира Сәдуақасқызы болатын. Ұстазымыздың жетім қалғанын естіп, анасының туысы Әшім Сәрсенбаев есімді нағашы ағасы туыстары Көкен және Ахмет Омаровтарды ол екеуінің анасымен бірге төртеуін елден алып кетіп Алматыға жеткізген. Туыстық дегеннен шығады сол кезде алғаш елден Әшім ағасы алып келген кезде үлкен қаладағы елдің азаматтары саналған Қайыргелдиндер отбасын паналайды. Сол туыстары 1935 жылы 9 жасында Алматыдағы балалар үйіне орналастырады. Алматы қаласындағы №35 орта мектеп табалдырығын осы балалар үйінде жүріп аттайды. Сол «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен ауыр жылдарда нағашы туыстарынан да көз жазып қалады. Бір отбасыдан қалған жалғыз тұяқ саналған жас қыз 1941 жылы соғыс басталғанда тіптен алшақтап кетеді. Өйткені балалар үйі соғыста жараланғандарды емдейтін госпитальға айналғанда өзге құрбыларымен бірге оңтүстікке аяқ басқан еді. Сөйтіп қаламыздағы балалар үйіне орналасқан сол кездегі жасөспірім қыз №7 мектепте жетінші сыныптан бастап білім ала бастайды. 

 

Жетпісінші жылдардың орта тұсында Қапира Сәдуақасқызы Шымкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып тұрғанда Қайыргелдин Рахым деген жігіт осында мемлекеттік емтихан төрағасы болып келеді. Жүзі жылы бұл жігітті танитындай ішкі сезімі тыныштық бермегенімен жыға танымаған соң үндемеуге бекиді. Ал сол төрағалыққа келген кісімен әріптесі Асхат Рүстемұлы бұрыннан таныс болса керек жадырап амандық саулық сұрасып жатады. Кейін апай Асхат Рүстемұлынан анау келген кісінің жүзі бір түрлі таныс сияқты, жылы ұшырап тұр, мүмкін болса Әшім, Хайдар деген кісілерді біле ме екен деп сұрашы дейді. Асхат Рүстемұлы өтінішті жеткізген кезде ол кісі де таңданыспен «сіз оларды қайдан білесіз?» деп қарсы сұрақтар қояды. Сонда ғана әріптесі кешегі жанында тұрған кафедра меңгерушісінің өтініші екенін жеткізеді. Ана кісі де жұлып алғандай, ол кісі Қапира апа емес пе? депті бірден. Яғни ол кісінің де құлағында Қапира апайдың есімі мен тарихы туралы әңгімелер жүрген болар, бәлкім балалық кезеңнің санада қалған естеліктерімен іштей шырамытқан да болуы керек. Сөйтіп, туыстық сезімдері алдамай, бірін бірі қуана табысады. Інісін тапқан Қапира Сәдуақасқызы Рахымның өте сәби шағы туралы айта келіп, Әшім ағасының оны мойнына салып еркелеткен сәттері есінде қалғанын айтып, сағыныш шерін тарқатады. Кейін нағашыларымен қайта табысып сол кездегі Жамбыл қаласынан ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққан Әшім ағасымен де қайта көрісудің сәті түседі. Әшім ағасы елге сыйлы азамат ретінде қайта тапқан жиеніне барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып, әпкесінің әруағы алдындағы бір парызын өтегендей болған екен.

Әрине, бүгінгідей мерейлі тойда Қапира Сәдуақасқызы туралы сан түрлі ғылыми зерттеулер, естеліктер, мадақтаулар айтылатыны анық. Біз бүгін өзіміздің ол кісіден білім алған әрі, кейінгі қызметте де бірнеше жылдар қатар жүріп келе жатқан жақын шәкірттері ретінде ұстазымыздың жай ғана қазақтың қызы, ер азаматтың сүйікті жары, отбасының анасы, ғалым ұстаз және бүгінгі жүзі мейірімге толы әже ретіндегі қырларын ол кісінің балалық өмір жолымен сабақтастыра түйген ойларымызды көппен бөлісуді жөн санадық.
Қапира Сәдуақасқызы үшін бұл өмірде ең басты да, маңызды мәселелер қатарында отбасы жылуы мен оның құндылықтары болғандай. Ал отбасыдағы жылылық аналық мейірімнен тарайтыны тағы белгілі. Өмір мерей той иесі ұстазымызға ата-анасының мейірімін көруді аз жазса да, өзгелердің, өзі өмір сүрген қоғамның мейірімінен кенде қалдырмағаны байқалады. Сондықтан өзіне қамқорлық көрсеткен жақсы адамдарға деген сенімнен туса керек, ол кісінің де өзгелердің бойынан үнемі жақсылықты көруге ынталы үлкен жүрегінің ыстық лебін байқамау мүмкін емес. Ал бір көңілі құлаған адамға өз отбасының бір мүшесіндей аналық таза жүрекпен сенгіштік танытуы, таза ниетпен қамқор болуы бүгінде кейбірімізге жетпей жатқан қасиеттердің бірі емес пе? Сенгіштік дегеннен шығады, Қапира Сәдуақасқызы Ежелгі дәуір тарихынан жүргізген сабағында «Адамға сенбеу, адамды адамның қанауының ең сорақы түрі» деген сөз тіркестерін қайта – қайта салмақ сала шәкірттеріне қайталаудан жалықпайтын. Кейде «мүмкін сол сөздерді айтып тұрғанда, көз алдынан өмірінің кейбір мезеттері сырғып өтетін де шығар-ау?» деген ойларға қаламыз.

Иә, тарихшы болу қиын. Өйткені тарих ғылымының өзі қиын. Онда басқа ғылымдардағыдай ешқандай ғылыми тәжірибе жасай алмайсың. Тәжірибені өз өмірің мен шынайы жазылған тарихи еңбектерден ғана табасың. Қапира Сәдуақасқызының өз аузынан айтылған естеліктері мен жастық шақтағы өмірі мен жетпіс жылға жуық тарихшы ретіндегі саналы қызметіне сәл ғана көз жүгіркен адам ол кісінің дәл осындай тәжірибені жеке басынан өткергенін бірден аңғарар еді.

Бойжетіп, тұрмыс құрған кезде асыл жар, отбасы анасы атанған кезде сол бала күннен өзіне арман болған аналық мейірімімен жанұясын толтыруға тырысқанын ұстазымыздың және замандастарының аузынан талай естіп келеміз. Ұстазымыз кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысы аяқталған соң оңтүстіктің тумасына тұрмысқа шығады. Отағасы облыс өмірінде елеулі ізі қалған, оңтүстіктің журналистерінің ұстазы, өткір тілімен әділдіктің сойылын ұстаған Әсет Тілеукеев еді. Ел арасында ол кісінің кісілік келбеті мен әділдік үшін қаламмен жүргізген күрестері туралы аңызға бергісіз естеліктер сақталған. Әлі күнге сол кездегі саясаттың кейбір «құйтырқылықтарына» қарамай, әділдікті ту етіп жанына қазақтың жақсы жайсаңдарын жинай білген азамат ретінде танылған ағаны оңтүстіктің тумалары мақтан тұтады.

Соғыс жылдары оңтүстікте орта білім алған апайымыз, Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқиды. Қапира
Сәдуақасқызы осы институттың екінші түлегі. Спортты жақсы көріп жеңіл атлетикамен айналысады. Тіпті жақсы спортшы ретінде Мәскеу қаласында өткен студенттердің спартакиадасына да қатысады. Ал педагог ретінде зейнеткерлікке шыққанға дейін оңтүстіктегі қара шаңырақ жоғары оқу орны – Шымкент педагогикалық инстиутында тап жылмай 50 жылға жуық қызмет етеді.
Ғалым ретінде 1967 қорғаған «Қазақстандағы қыздарға білім беру ісін дамыту (1928-32 жж.)» тақырыбын зерттеу нысаны еткені белгілі. ғылыми жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, ғалым педагог Т. Тәжібаев еді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, сол бесіктің болашақ иесі, бүгінгі елдің намысы, ертеңгі ұрпаққа жарқын да, мәнді өмірді беретін қыз балалардың сауаттылығымен көп нәрсе өлшенетінін ғылыми дәлелдеп келе жатқан ғалымның бұл тақырыпқа баруына жеке өмірінің де іздерінің ықпалы болды ма деген ойларға қалатынымыз тағы бар.

Ұстазымыз өзінің ұзақ жасауының бір сыры да, өз кәсібіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің белгілері өзіне тағдыры жолықтырған жаны жайсаң жақсы адамдардың шарапаты мен өзінің ешкімге де «қызғаныштың қызыл итімен» қарамауында болар деп санайтынын шәкірттері біздерге үнемі айтып отырады. Бұл қасиеті де біздерге, кейінгі жастарға үлгі боларлық өнегелі істерінің бірі деп білеміз. Ал ұстаз ретіндегі тағы бір есімізде ерекше қалған қасиеті оқытқан пәніннен білім беруде өзіне де, шәкіртіне де деген бірдей талапшылдығы дер едік. Осы мақаланы жазып отырған шәкірттері біздің өзіміз әртүрлі жаста болсақ та, білім алған кезіміздің арасын ажыратып тұрған белгілі бір уақыттың болуына қарамастан бәріміздің есімізде қалғаны апайдың өз лекциясының мәтініне қайта – қайта үңілмей мәтінді үнемі логикалық сабақтастықта баяндайтыны дер едік. Ал кез келген сабаққа керекті әдебиетті де жатқа айтатын қасиеті өз алдына. Бүгінгі жас шәкірттері де осы қасиетінен айнымай талапшылдығымен сабақ беріп келе жатқанын айтады.
Біздіңше, Алла берген ұзақ жасы мен кәсіби маман ретіндегі бағасының мәнін одан ары арттыра түсетін бір жағдай үлгілі отбасының берекесі бола білуінде сияқты. Ұстазымыздың үйдегі отағасымен арада қашан көрсең де сыйластыққа негізделген қарым-қатынасын байқайтынбыз. Атамыз екеуі құдайдың берген перзенттерін сүйді. Үлкені Ләззат (жастай қайтыс болған), ортаншысы Жанат, мамандығы химик, ал Салтанаты математик. Ал шаңырақтың бүгінгі иесі Жанболат болса апайдың жолын қуған ғалым тарихшы, өз орны бар маман. Немерелері Ләззат, Ардақ, екеуіде экономист шетелде білім алып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер. Шөберелері Арсен, Байсал Тілеукеевтер әулетінің көз қуаныштары. Бүгінгі мерейтойда апаймызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, қадірлі қариялық өмір тілейміз.

Шәкірттері,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институтының ұстаздары:
профессор С. ӘБУБАКИРОВ,
доцент Б. ИСАБЕК,
доцент Г. СҮГІРБАЕВА,
доцент Қ. АНАРБАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.