БІЛІКТІ МАМАН – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БЕДЕЛІ Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 05:03 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 661 раз

Мемлекеттік басқару жүйесінде адал қызмет ету – халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның саясатын алға ілгерілетуші мемлекеттік қызметкер екені белгілі. «Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс» деген тұжырым жиі айтылып жүр. Себебі, мемлекеттік қызметкердің оң беделін қалыптастыру – мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басты бағыттарының бірі.
Осы орайда біз мемлекеттік қызмет саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті маман, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар ДӘРІБАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

apai

 

– Гүлнар Тұрдыбайқызы, мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін құру кезеңіндеміз деп жүрміз. Парадигма өзгеруде. Президент айтқандай, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат орын алды. Осындайда мемлекеттік қызметкердің жаңа тұлғасы қалыптасып келе жатқан сияқты. Мінсіз, беделді мемлекеттік қызметкер дегенді қалай түсінесіз?
– Мінсіз деген сөздің өзі үлкен жауапкершілік. Бірақ, сол мінсіздікке ұмтылу керек. Мемлекеттік қызметкер тек мемлекетке ғана қызмет етпейді. Осы жылдардағы түйгенім, адам баласына қызмет етуден артық қызмет жоқ деп білемін. Мейлі, ол қандай қызмет болсын, бизнес саласы болсын, білім саласы болсын, барлық қызметтің ең қайырлысы адам баласына қызмет ету, оның ішінде халыққа қызмет ету. Моральдық сапа қасиеттерінің ішіндегі ең шынайысы – мемлекеттік қызметшінің өз беделі. Беделдің жиналуы – өз ісін терең білуі мен қажымас еңбек, адалдық пен әділдік, қарапайымдылық пен байсалдылық, өзіне де, өзгелерге де талап қоя білушілік және парыз бен жауапкершіліктің дамыған деңгейі деп білемін. Мемлекеттік қызметші болу, бұл – адамдармен тең қарым – қатынаста болу, кез келген жағдайдан жол таба білу, өз сезімін басқара білу. Өзін-өзі ұстау мәнері өзара амандасудан басталады. Кім ақылды әрі тәрбиелі болса, сол бірінші амандасады дейді ғой. Мемлекеттік қызмет жолы оңай жол емес. Өз қиындықтары бар. Адам баласымен қарым-қатынас орнату адамның өзімен жасайтын жұмысты талап етеді. «Адам ортаға білімімен емес, мінезімен сияды» деген сөз бар. Ұжымдағы мүшелердің бір-бірімен қарым-қатынасын, ауызбіршілігін де үйлестіріп отыру керек. Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс.

– Әділетті Қазақстан құруда меритократияның үлесі қандай? Лайықтылардың жоғарылауы, қолынан іс келетіндердің, елім, жерім дейтіндердің жұлдызының жануына жағдай жасау деп түсінуіміз қаншалықты дұрыс?
– Білім саласында жұмыс істегеніме 18 жыл болыпты. Оның ішінде 12 жыл мемлекеттік қызметте отырмын. Мен өзім осы меритократия жолымен келген адаммын. 2002 жылы Халықаралық Қазақ-Араб университетін ағылшын тілінің мұғалімі бойынша аяқтап, қаладағы А.Байтұрсынов атындағы № 50 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс жолымды бастадым. 2006 жылы Білім бөліміне ғылыми-әдістемелік орталықтың әдіскері болып келіп, бас маман, меңгеруші, Білім басқармасының орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту, қосымша білім беру бөлімінің, орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту, қосымша білім беру бөлімінің басшысы қызметтерінен өттім. Осы жылы арнайы тесттен өтіп, Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарудамын. Осыншама тәжірибеме сүйеніп айтарым, мемлекеттік қызметке кім кіріссе де, төменгі сатыдан бастауы керек. Сіз бірден бастық бола алмайсыз. Меритократия ережесін енгізумен мемлекеттік қызметте адамдар төменнен өсе бастады. Әйтпесе, бұл мүмкін емес, негізінде тәжірибе жинақтау керек. Адам баспалдақтың барлық қадамдарынан өте білуі тиіс. Яғни, сіз біреуге бұйрық бергенде, оның қалай орындалуы мүмкін екенін білуіңіз керек. Білікті маман –мемлекеттік қызметтің беделі. Ал, біліктілік тәжірибемен келеді. Меритократия қағидасымен білікті, білімді жастарға өсуге мүмкіндік өте көп. Сонымен қатар, егемен еліміздің өркендеуіне үлес қосам деген жастарға бірегей жоба – Президенттік жастар кадр резерві қалыптасып келеді. Қазір жұмысқа тұру үшін таныс керек, сыйақы беру керек деген стереотипті біз бұзуымыз керек. Тағы қайталап кетемін, мен осы саладан өз еркіммен, өзімді басқа салада сынап көру мақсатында осыдан екі жыл алдын кеткен болатынмын. Дегенмен мамандыққа махаббат, өз ісіңді жақсы көру мені осы салаға қайта әкелді. Сол уақытта мен өз үйімде, асбөлмемде отырып, ноутбукпен тест тапсырып, тесттен өтіп, әңгімелесу этапынан да өтіп осы қызметке келдім. Сондағы айтпағым, тест тапсырғанда қарсыластарыңның аты жөнін де білмейсің. Бәрі әділ, ашық түрде өтетінінің куәсі менмін десем болады.

– Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қарашадағы №396 Жарлығымен Әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынды. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. «Пайда ойлама, ар ойла» деген. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...» деп ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат, бәрінен биік. Хакім Абайдың ақыл сөздерін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс. Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.