АҒАРТУ САЛАСЫНЫҢ АЛТЫН ҰЯСЫ Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:43 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1161 раз

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – тарихы сонау 1937 жылдан бастау алатын, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы алдыңғы қатарлы ғылым мен білімнің, тәрбиенің ордасы. Университеттің алты факультеті бүгінде бәсекеге қабілетті болашақ мұғалімдер мен білім беру саласындағы үздік мамандарды даярлайды. Төрт жүзден астам жоғары білікті профессор-оқытушысы бар, жеті мыңнан астам білім алушыға жоғары білім беріп отырған университетіміздің алға қойған миссиясы – білім саласындағы озық тәжірибелер негізінде адами капитал сапасын арттыру. Сонымен қатар, оқу орнымыз стратегиялық жоспарлау міндеттерін жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытудың әдістемелік орталығы мен көшбасшысының бірі ретінде әлемдік сұраныстарға сай заманауи ЖОО-ға, жаңа форматтағы білім беру және ғылым хабына айналуды көздейді.

BiliM

 

Қазіргі таңда университетте 33 бакалавриат, 22 магистратура және 12 докторантура білім беру бағдарламалары бойынша бәсекеге қабілетті болашақ мамандар даярлануда. Білім алушылар спорттық жаттығуларға арналған стадион және спорт кешендерімен қамтылған. Университетте түрік тілі мен ағылшын тілі курстары, зертханалар мен лингафонды кабинеттер, ағаш, темір, тігін, қолөнер шеберханалары, арт-терапия кабинеттері, баспахана, кітапхана мен оқу залдары студенттерге тәулік бойы қызмет етеді.
Ғылыми зерттеулер саласындағы үлкен жетістіктерімізді мақтанышпен айта аламыз. Осы кезеңге дейін университетіміздің 33 оқытушысы «ЖОО үздік оқытушысы» атағын, 8 оқытушы мемлекеттік ғылыми стипендияны иеленген. Қазіргі таңда университетте Қазақстан ғалымдарының үздік елулігіне, Scopus-тағы Қазақстандық ғалымдардың үздік мыңдығына кіретін ғалымдар, сондай-ақ, Хирш индексі 1-ден жоғары 160-тан астам ғалым қызмет етеді. Университет ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелері Scopus, Web of Science халықаралық ғылыми деректер базасында индекстелетін басылымдарда үнемі жарияланып отырады. Қазіргі таңда университетте халықаралық 1 ғылыми жоба, ҚР ҒжЖБ жас ғалымдарға арналған гранттық жобалары есебінен 1 жоба, ҚР ҒжЖБ гранттық жобалары бойынша 10 жоба, «Жас ғалым» гранттық қаржыландыруы аясында 5 жоба, университеттің қаржыландыруы аясында 7 жоба және 1 коммерциализация жобасы жүзеге асырылуда.
Университет білім алушылары Польша, Венгрия, Латвия, Чехия, Түркия, тағы да басқа елдердің жетекші жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алу, ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие. Жыл сайын шетелден шақырылған профессор-оқытушылар білім алушылар үшін дәріс оқып, профессор-оқытушылар құрамымен өз тәжірибелерімен бөліседі. Соңғы жылдарда Германия, Польша, Чехия, Малайзия, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей сынды елдерден беделді ғалымдар шақырылды. Жоғары білім мен ғылым саласындағы басқа да бірлескен қызметтерді жүзеге асыру мақсатында университет әлемнің 20-дан астам елімен 100-ден аса халықаралық келісімшарттар шеңберінде өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымының Түркі университеттері одағы, Азия университеттері қауымдастығы, Жібек жолы университеттерінің Альянсы сынды халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде білім берудің халықаралық кеңістігіндегі синергияға үлес қосып келеді. Олардың қатарындағы Жібек жолы университеттері Альянсының шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне, оның ішінде ұйымның педагогикалық жоғары білім беруді дамытуда беретін үлкен мүмкіндіктеріне толығырақ тоқталғымыз келеді.
Осыдан он бір жыл бұрын бастау алған, халықаралық әріптестіктің жаңа парадигмасын қалыптастырған "Бір белдеу, бір жол" бастамасы әлемдік қауымдастықтағы адамзат қызметінің маңызды салаларының өзара ынтымақтастығының тиімді механизмін қалыптастырып үлгерді. Олардың қатарында білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың ауқымды халықаралық жобалары мен ірі платформалары да түзілді. Осы орайда Сиань Цзяотун университетінің бастамашы болуымен Жібек жолы университеттері Альянсының құрылуын ауқымды жобаның бірегей жетістігі деп атай аламыз. Бүгінде тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан әлем елдерінің 150-ден астам жоғары оқу орындары Альянс шеңберінде жоғары білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Жібек жолы университеттері Альянсымен мүдделерінің тоғысуы, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығының басталу хронологиясына көз жүгіртсек, келесі айтулы даталарды айтып өткеніміз жөн.
Қытай жеріне қадам 2023 жылдың шілде айында Шымкент қаласы әкімдігінің Сиань қаласына ресми сапарынан басталған болатын. Сол сапарда Шымкент-Сиань қалаларының бауырлас қалалар ретіндегі кәсіпкерлік, индустрия, мәдениет салаларындағы тығыз ынтымақтастығын қалыптастырумен қатар, жоғары білім саласындағы серіктестікті жүзеге асыруға да үлкен мән берілді. Осы мақсатта біз Сиань Цзяотун университеті мен Сиань халықаралық зерттеулер университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, болашақ бағдарымызды бірлесе айқындауды жоспарладық. Сонда Сиань Цзяотун университетіндегі кездесу барысында қалыптасқан Жібек жолы университеттері Альянсының қатарына қосылу туралы бастама 2023 жылдың қыркүйегінде Астана қаласындағы Қытай (Шэньси) – Қазақстан жоғары білім көрмесіндегі кездесулер барысында одан әрі дамытылды. Осылайша, 2023 жылдың қазан айында Сиань қаласындағы Жібек жолы университеттері Альянсының жыл сайынғы Форумында университет ресми түрде Альянстың мүшесі болып қабылданды.
Осы орайда Форум аясындағы Гонконг үкіметінің Білім беру бюросымен өткен арнайы кездесуді атамай өтуге болмайды. Кездесу барысында бірқатар Гонконг университеттерімен маңызды мәселелер талқыланған болатын. Ал 2023 жылдың қаңтар айында біз өңірлік жоғары оқу орындарының консорциумы шеңберінде Гонконг білім беру университетімен бірлесіп, университет оқытушыларына арналған “How to be a teacher? How to be a researcher?” bootcamp-семинарын өткіздік. Аталмыш жоба білім беру мен зерттеу қызметтерін қатар жүзеге асыратын, ұдайы өзін жан-жақты дамытып отыратын үздік педагог кадрларды даярлауда гонконгтық тәжірибемен алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Жақын арада аталған bootcamp-семинардың сапалы ғылыми мақалаларды жазу бойынша ІІ кезеңін өткізу жоспарлануда.
Жібек жолы университеттерінің Альянсына мүше болғалы бері ұйым шеңберіндегі жоғары педагогикалық білім саласындағы өзара ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.
Ал биыл жазда дәстүрлі түрде Шымкент қаласы әкімдігінің Сиань қаласына ресми сапары аясында қала делегациясының құрамында Қытайдағы серіктестерімізбен маңызды кездесулер өткізіп, олардың қатарын тағы да арттырып келдік. Атап айтқанда, Сиань Цзяотун университетімен білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру, бірлескен жазғы мектептер аясында өзара алмасуларды жүзеге асыру, докторанттарға бірлескен ғылыми жетекшілікті жүргізу, білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүзеге асыру бағыттары бойынша мәселелерді талқыладық.
Сиань халықаралық зерттеулер университетімен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын өзара тиімді шарттар бойынша ұйымдастыру, қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілі мұғалімдерін даярлау бойынша бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, қазақ және қытай тілдерін оқыту бағытындағы білім беру бағдарламалары аясында белгілі бір академиялық кезеңге өзара оқытушылармен алмасу бойынша нақты жоспарлар құрылды. Сондай-ақ, университет Қытай Халық Республикасының гранттары шеңберінде Сиань халықаралық зерттеулер университетінде білім алуға Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің білім алушыларына арнайы 10 квоталық орын ұсынып отыр.
Осы сапардың айтулы сәттерінің бірі Үрімші қаласына сапар аясындағы Шыңжаң педагогикалық университетімен өзара ынтымақтастықтың орнауы болды. Ресми кездесу барысында біз педагогикалық білім беру бағдарламалары шеңберінде студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алмасуын ұйымдастыру, білім беру саласындағы әлемдік тенденцияларды зерттеу үшін бірлескен зерттеу топтарын құру, қытай тілін оқыту курстарын ұйымдастыру мәселелерін қозғадық. Ұлтты тәрбиелейтін ұстаз болса, осы ұстаздарды даярлау бойынша маңызды миссияны мақсат еткен екі жоғары оқу орнының өзара ынтымақтастығы білім беру саласындағы айтулы жетістіктерді қалыптастыратындығы сөзсіз.
Сексен жеті жылдық тарихында университет тек мұғалімдер даярлап келеді. Министрліктің бағыты бойынша академиялық ұтқырлық аясында шетелмен қарым-қатынас нығайып, жан-жақты даму көзделген.Осы орайда Түркиядағы Гази университеті бізбен серіктестік келісімшартқа тұрды. Бір ғасырлық тарихы бар бұл оқу орны да педагогикалық мамандықтар бойынша студент оқытады және соңғы екі жылда білім беру саласында өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Біз дініміз бір, тіліміз ұқсас бауырлас елдің оқу ордасын жанымызға жақын болғандықтан серіктес болуға арнайы таңдадық. 2022 жылы біздің университеттен түрік тілі орталығын аштық. Онда студенттер, оқытушылар түрік тілін аса қызығушылықпен үйреніп жатыр. Түріктің халықаралық ТІКА ұйымы да орталықтың ашылуына, оны керекті оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтауда да көп көмегін тигізді.
ОҚПУ еліміз бойынша студенттерін жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз еткен бірегей университет. Студентке «Жайлы университет» жасау біздің негізгі мақсатымыз болып табылады. Яғни қанша судент жататын орын сұраса соншалықты дәрежеде олардың талабын қанағаттандыруымыз керек. Негізінен педагогикалық университетке оқуға түсуге көбінесе мектеп түлектері ауылдан келеді. Сол үшін оларға жатақхана салып беріп, оны барынша жайлы етуге тырысып жатырмыз. Қазір студенттер тұратын үйде барлық жағдай жасалған. Әрбір жататын, жуынатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Біліммен бірге студенттің әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешу де маңызды рөл ойнайды.
Университет тек білім бермейді, сонымен бірге ғылымды дамытатын орын. Сондықтан ғылымды биікке көтеруде жоғары оқу орындарының беретін пайдасы өте зор. Осы ретте әлбетте біздің педагогикалық университет педагогикалық ғылымды алға жылжытады. Қазіргі таңда мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын педагогикалық мәселеге ерекше көңіл бөледі. Себебі ол тұлғаны қалыптастырудың ғылымы. Біздің ғалымдардың зерттеу нысаны ол бала тәрбиесі мен оның методикалары. Зерттеудің теориядан бөлек ғылыми практикасы да бар. Ол мектеппен жұмыс. Дегенмен бүгінгі таңда жоғары оқу орындары мен мектептің арасындағы байланыс өте берік деп баға беру қиындау. Жалпы мектептегі білім, тәрбие беру методикасы заман талабына қандай болу керек деген сауалға жауап беріп, сол бойынша зерттеулер жүргізіп, бағдарламаларды жаңартып отыруымыз қажет. Сондықтан 2019 жылдан бастап ғылыми жобаларды мектептегі нақты жағдайдағы методикалармен байланыстырып зерттеудеміз. «Ұлт ұстаздары» орталығында ғылыми-педагогикалық зерттеулерге ден қойып, соның нәтижесінде нағыз ғылыми ортаны қалыптастырдық. 407 миллион теңгені құрайтын 7-8 ғылыми жобамыз бар. Мұндай жетістік университет тарихында әлі болмаған. Соңғы екі жылда оннан астам ұстазымыз АҚШ, Германия, Чехияның беделді университеттерінде тәжірибе алмасып қайтты. Ал биыл 11 оқытуышымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тағылымдамадан өтуге рұқсат алды. Биылғы жаңа оқу жылын да білім ордамыз жаңа жетістіктермен еңсереді деп сенеміз.

Гүлжан СҮГІРБАЕВА,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор
міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.